Балабақшаға бейімделу

Баланың бақшаға келуі, үйренуі, әсіресе үйден келген балаға ауыр тиюі мүмкін. Ересек адамның өзіне жаңа орынға, жұмысқа, ұжымға бейімделу стресстік жағдай.

Жалпы, бейімделу дегеніміз – өзгерген жағдайларға ағзаның бейімделуі. Бала неше жастан бастап бақшаға барса да ол үшін бейімделу жеңілге түспейді, себебі оның өміріне бірнеше өзгерістер еңеді:

  • күн тәртібі
  • қасында жақын адамдардың болмауы
  • үнемі басқа балалармен қарым-қатынаста болуы
  • бұрыннан танымайтын адамның тілін алу қажеттілігі
  • өзіне, жеке басына көңіл бөлуінің күрт азаюы

Бейімделу кезеңінің ұзақтығы әрбір баланың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Кейбір балалар жеңіл өтсе, біреулеріне қиынға түседі.

Жалпы, бейімделу жеңілірек болады, егер:

  • Бала алдын – ала бақшаға дайын болса. Бақша не екенін, онда болатын күн тәртіп туралы білсе.
  • Өзін-өзі қамту дағдыларын игерсе. Ең басты, қарапайым дағдылар: жеңіл желпі киімдерін кие алса, горшокқа сұрануы, өз бетімен тамақ іше алуы.
  • Баланың үйдегі күн тәртібі бақшадағы күн тәртіпке ұқсас болса. Күн тәртібі бұрыннан қалыптасқан болса немесе алдын-ала сәйкестірілсе. Бақшаның күн тәртібін демалыс күндері де сақтаған жөн. Таңертен жеңіл тұру үшін ертерек жатқызған дұрыс.
  • Үйде ішетін тамағы бақшада беретін тамаққа ұқсас болса. Бақшада таныс тамақ көрсе, тезірек тамақ іше бастайды.

Бейімделу кезеңінде баланың іс-қимылында, эмоцияларында өзгерістер болуы мүмкін:

  • Эмоция жағына келсек, бірінші күндері негативті эмоциялар басым болады. Мысалы: жылау, қорқыныштың пайда болуы (анасы келмей қалама деп қорқады). Бейімделе келе бұның бәрі кетеді.
  • Басында қарым-қатынасқа түспеуі мүмкін. 2-3 жастағы балалар бірге ойнамайтынын ескерген жөн. Біртіндеп бала тәрбиешіге, балаларға үйреніп кетеді.
  • Бала басында белсенділік танытпауы мүмкін. Біраз уақыт өткен соң топ ішімен, ойыншықтармен таныса бастайды.

Бейімделу кезеңін жеңілдету үшін балаға көмектесу керекпіз:

  • Баланы алдын – ала бақшаға дайындау қажет. Бақша туралы, онда болатын күн тәртібі туралы түсіндіріп, айтқан жөн.
  • Балалармен, ересектермен араласуына жағдай жасаңыз.
  • Қобалжығаныңызды балаға көрсетпеңіз. Бала көзінше өз проблемаларыңыз туралы айтпаңыз
  • Алғашқы күндері баланы күні бойы қалдырмай, ертерек алып кетуге болады.
  • Балаға сүйікті ойыншығын немесе үйден үйреншікті зат беріңіз.
  • Қоштасудың бірнеше нұсқасын ойластырып, қолдануға болады.
  • Баланың балалық қылықтарына мән бермеңіз, шыдамды болыңыз.
  • Үйде (жанұяда) қалыпты, достық қарым-қатынас болғанына тырысыңыз.
  • Баланың жетістіктеріне қуанып, көбірек мақтаңыз.
  • Баланы жақсы көретініңізді, қамқорлығыңызды көрсетіңіз.